Сот «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша Азаттық радиосының ісін қарауды бастады

БАҚ үстінен Шымкент тұрғыны Әлішер Турабаев шағымданған


12/10/2023
17:39 13635 0

Фото: Азаттық радиосы

12 қазанда Алматы әкімшілік соты Әкімшілік кодекстің 456-2 бабының 1-тармағы («Жалған ақпарат орналастыру, тарату») бойынша Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі үстінен түсірілген арызға қатысты шағымды қарай бастады. Істе жауапкер ретінде Азаттықтың Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжол деп көрсетілген. Шағым беруші – Шымкент тұрғыны Әлішер Турабаев.

Шағымданушы Атбасар колониясында азапталған Тимур Дәнебаевты Көкшетау қаласындағы изоляторға ауыстырғаны туралы орыс тіліндегі жаңалықта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қатысты «Ресей жетекшілік ететін» деген тіркесті пайдалану дұрыс емес деп санайды. Дәнебаев 2022 жылы Қаңтар кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскерінің кіргізілуін сынап, кейін 3,5 жыл түрмеге кесілген. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен үкім күшінде қалған.

Әкімшілік істі судья Рауза Әлиева қарап жатыр.

Азаттықтың адвокаты Жанғазы Күнсеркин 12 қазан күнгі сотта әкімшілік құқық бұзушылық болмағандықтан сот өндірісін тоқтату туралы өтініш берді. Ол сонымен бірге лингвистикалық сараптама тағайындауды да өтінді.

Сот өтініштерді ашық қалдырып, сот отырысын 20 қазан сағат 11-ге белгіледі.

1992 жылы Мәскеу бастамасымен құрылған ҰҚШҰ-ға Қазақстан және Ресеймен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения мүше. ҰҚШҰ-ның бірлескен штабының жетекшісі – Ресей Федерациясының әскери маманы, генерал-полковник Анатолий Сидоров. ҰҚШҰ-ның қазіргі бас хатшысы – Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов. Ұйымның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.

2022 жылы қаңтардың басында Қазақстан қалаларындағы наразылық акциялары кейбір қалаларда тәртіпсіздікке ұласып, 200-ден астам адам қаза болған. Сол кезде Ақорданың өтінішімен ҰҚШҰ Қазақстанға әскерін кіргізген. Сарапшылар ұйым құрылғалы бері ҰҚШҰ күші алғаш рет пайдаланылып отырғанын айтқан.

Биыл Әкімшілік кодекске енгізілген 456-2 бапты («Жалған ақпарат орналастыру, тарату») құқық қорғаушылар«жұмсақ» цензура құралы деп атаған. Қазақстанның медиа кеңістігінде Азаттық – осы баппен жауапқа тартылып отырған алғашқы ақпарат құралы.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Орталық Азия, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыста 27 елден хабар тарататын тәуелсіз халықаралық ұйым. АҚШ конгресі қаржыландыратын Азаттық үкіметтер мен саяси топтардан тәуелсіз, оның редакциялық саясатына ешкім араласа алмайды. Азат Еуропа/Азаттық радиосының миссиясы сөз бостандығы шектелген елдерден цензураға ұшырамаған ақпарат тарату арқылы демократия құндылықтары мен институттарын алға жылжыту. Азаттықтың Қазақ қызметі 1953 жылы құрылған, 2008 жылы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратын веб-сайты ашылды.

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/10/2023 17:39
13635 0

Уведомление